Түзу жолдан тайған жанның әңгімесі немесе көзге емес көңілге әсер ететін кино жайлы жазба

 

Есть только один грех – глупость.

Оскар Уайльд

Елдің бәрі екі жыл бұрын емешектері езіліп көріп алғанда, құр қалған мен, осы олқылықтың орнын толтырайын деген ниетпен бүгін жынданып тұрып дискісін сатып алдым. Қазақша “Адасқандар” деп аударылған (осы аударманы кішкене түсінбедім, себебі орысша нұсқасында жекеше түрде “Заблудившийся” деп тұр ғой. Одан да “Түзу жолдан тайған жан” деп пе аударса да болар еді деп ойлаймын да. Мақұл, артық әңгімемен миларыңызды ашытпайын), “Так и передай ему, к…н айырам” /Рекетир/ деп Русланның аузына сөз тастап, кино түсірген және онысы жалпы жамағаттың жүрегіне жаққан Ақан Сатаевтың фильмі “Заблудившийся” туралы айтып тұрмын. Енді, міне, “ел жатса енекем жатпайды” деген жұмбақтың визуалды мысалы болып, түн ортасында Сіздерге арнап ревью жазып отырмын (Алда, айналайын-ай, деп көзіңізді бір шылап аласыз осы жерде).

 

Кино 2009 жылы шыққан. Бюджеті бір миллион АҚШ доллары. Режиссері Ақан Сатаев. Сценаристі Тимур Жақсылық. Композитор Ринат Гайсин. Ұзақтығы 90 минут.

Киноның қысқаша мазмұны: …«Адасқандарда» басты кейіпкердің әйелімен және кішкентай ұлымен бірге адасып, далада қалған кездегі бастан кешкен оқиғалары өзек етілген.Жол таппай, машинада түнеуге мәжбүр болған отағасы таңертең әйелі мен баласының жұмбақ жағдайда жоғалып кеткенін көреді.Оларды іздеп шыққан отағасы бір қария мен жас қыз тұрып жатқан қоржын тамға тап болады.Кейіпкерге сол үйдің тұрғындары мұның отбасы туралы білетін сияқты болып көрінеді.Бірақ оны не себепті жасырып отырғанын түсінбей дал болады. /деп хабарлайды   Ербол Азанбек/

Негізі, осыны айтып қоя салсам да болар еді. Себебі, бір қараған көзге кино бірді-екілі сәттері болмаса, іш пыстырарлық дүние болып та көрінуі мүмкін. Мазмұны мен оқиға желісі де бірсарынды секілді ме…Әртістерінің де саны анау…бар жоғы жетеу ме, сегіз бе…Бірақ…

Бар бәле осы “бірақта” болып тұр. Рас, кино әлемдік мистика мен триллерлерінің алыпсоғарларына шыдас бермеуі мүмкін, БІРАҚ қазақ киносының осы жанрдағы алғашқы  еңбектерінің бірі екенін ескерсек, бас бармағымызды шошайтпасқа амал жоқ. Рас, киноның соңында Тұңғышбай Әл-Таразидің кейіпкері (Шал) біз мен сіз көріп жүрген, талай жерде өріп жүрген жауыр болған дүниені қаузағандай болады, БІРАҚ онсыз тағы болмас па еді, кім білсін, елдің бәрі иек қаққаннан түсінетін кемеңгер емес, оның үстіне қазір көп киноға осы қарапайым “тізесі шығып кеткен әңгіме” жетіспей тұратындай көрінеді. Рас, кино бойы Андрей Мерзликин (Жігіт) көлік пен үйдің ортасында ырс-ырс етіп жүгіріп жүреді, БІРАҚ мұны кемшілікке жатқызуға болмас, себебі…себебі фильмнің соңында белгілі болады.

Андрей – азамат! Актерлік құрамды жалғыз өзі аман-есен алып шықты десек те болады. Әсіресе, ең соңындағы есі ауып отырып “Кешір, кешір, кешір…мен адастым…мен адастым…кешір…кешір…” деп айта беретін жерін әртістік тұрғыдан алып қарағанда әдемі көрсеткен.

Тұңғышбай Әл-Тарази де өзіне берілген Сайтанның (не жынның, не Волан де Морттың, күнәларыңыздың себепшісі деп танитын, Құдай оттан жаратқан делінетіндердің қалағанын алсаңыз болады, оған кино мүмкіндік береді) рөлін жақсы шығарған. Тек біршама жерде оның іс-әрекетіне, сөйлеген сөзіне шын мәнінде мистика жетпей қалған сияқты. Біртүрлі…сенбейсің…рөлге… Сосын ең соңында көп сөз айтып қойған секілді. Триллердің аты триллер, шамалы құпиялылық, бітпей қалған секілді әсер болуы керек еді. Тек мына сөздері ұнады: “

…Сендер бізді мүйіз салып бейнелейсіңдер…құйрық саласыңдар…Мұның бәрі сендердің қорқыныштарыңан. Біз сендерге билік жүргізе алмаймыз. Сендер бәрін өздерің шешесіңдер. Алайда, біз сендердің әлсіз тұстарыңды білеміз…

“…Бірақ, бір нәрсені есіңе сақта. Мұнымен (өлгенмен – ав.) бәрі бітпейді. Ең маңыздысы, сені Ол кешіре ме? Қайдам…”

Сосын соңында келетін үш жігіт біраз нәрсені (әсерді) бүлдірді. Оқтан өлгенше, Жігіт өзі ойлағандай асылып па, әлде қу далада қаңғып кетіп пе өлгенде, я сол жерде есі ауысып қалғанда киноның финалы көрген адамды шок жасайтын еді.

Айғаным Садықова (қыз) түр-тұлғасымен, бет-әлпетімен-ақ жүрекке қорқыныш ұялатады екен. Жоқ, жоқ, дұрыс түсініңіз, ол өте әдемі, келісті жан, тек кинодағы кейіпкерінің кескінін тым жақсы келтіріпті (Шал-Сайтанның көмекшісі). Тек, “әттең” деп санымды бір соққан жерім оның сөйлейтіні болды. Шіркін-ай, осы актриса киноны сөйлемей, көзқарасымен, қимылымен ойнап шыққанда ғой, қандай мистика, қандай құпиялылық болар еді деп ойладым. Актер ойынынан алынатын әсерді сол бұзды.

Ал, жалпы кинода арнайы эффекттердің аздығын (ерекше атап өтетіні, Жігіттің “Кешір мен, Құдай” деп өлер алдында сөз айтқандағы, Шалдың түрінің бұзылып кетуі. Күтпеген сәт. Осыған ұқсас эффектті Аль Пачино ойнайтын “Адвокат Дьяволадан” көріп едім) және реквизиттердің сауаттылығын, қара ит пен жыланның ойынын (триллерлік әсердің жартысын солар берді), музыканың жүйкеңе тиетінін (жақсы мағынада), оператордың шеберлігін (көріп біткенше іштей қол соғып отырдым) ескерсек қазақ киносының орта деңгейінен асатын тәп-тәуір шығарма шыққан. Оқиға желісін жиырма бес минут бұрын біліп отыратындай емес, аяқ асты сәттер жетерлік.

Егер Сізді отандық киноиндустрияның өнімдері қызықтыратын болса, егер сіз Құдай мен адам, сайтан мен күнә жайлы ойланып жүрген болсаңыз, егер сіз кемшілікті ғана тізбелеп отырмайтын адам болсаңыз және әлі де болса көрмесеңіз “Адасқандарды” қарауға кеңес беремін. Стивен Кингті сүйіп оқитындар да бір ырза болып қалған сияқты.

Пы.Сы. Айтпақшы, кинода кейіпкерлердің есімі аталмайды (бар жоғы, қателеспесем, негізі рөл, эпизод бәрін қосқанда сегіз актер ғой деймін). Тіпті, титрлар шыққанда да, мысалы,  бәрі былай беріледі:

Жігіт – Андрей Мерзликин

Шал – Тұңғышбай Әл-Тарази

т.с.с

Сурет мына жерден алынды.

13 thoughts on “Түзу жолдан тайған жанның әңгімесі немесе көзге емес көңілге әсер ететін кино жайлы жазба

  1. Ия, әлхамдулилләһ, қазіргі қазақ кинолары ішінен осы Ақан Сатаевтің кинолары тәп-тәуір, иншаллаһ, болашағы да көңілге үміт ұялатады. “Адасқан жігіт” фильмі – тіпті тамаша дер едім! Ресейде өтетін ислам фильмдері фестиваліне (және басқа да ислам киносы конкурстарына) қатысуға әбден жарап, тіпті жеңіске де жетер еді-ау деп ойлағам, бәлкім алып та жатқан болар, бірақ мен естімеппін… Бұл фильм мистикадан гөрі ислам көзқарасына сай жасалған екен, оған шайтан-шалдың сөздері анық жауап береді: “Біз сендерге билік жүргізе алмаймыз. Сендер бәрін өздірің шешесіңдер”. Қияметте де адамдар шайтанмен қосақталып тозаққа қарай айдалып бара жатқанда айтады екен “Бізді адастырған, азғырған мынау – шайтан! Менің еш кінәм жоқ!”-деп, сонда Шайтан: “Менде сендерді әкетер еш билік жоқ, мен тек сыбырладым, ал сендер соған жауап бердіңдер! Мен сендер істеген күнәға еш ортақ емеспін!”-деп тайқып шығады. Аллаһ сақтасын (Аъузу билләһи минаш шайтанир-раджим!)!

    • Дұрыс айтасыз, көзіміз бақырайып тұрып күнә істесек те, мұның бәрі шайтан, шайтан итермелеп жатыр деп бәрін шайтанға жабатынымыз бар. Алайда сол сәтте бізде таңдау құқығы болды емес пе?! Пікіріңізге рахмет, Ғалымжан.

  2. Өзімше киноманмын деп кеуде соғып қоямын ғой, осы фильмнің компымның бір қуысында жатқанына бір жылдан асты. Көруге зауқым болмай ақ қойды, оның орнына үндінің масала-фильмдерін көре беремін, көре беремін.. Енді көрмесе, айбешаю!

  3. Ана шайтан қыз жайлы тура айттың. Сөйлегенімен құртады ғой. Кино барысында бәрінен соған жыным ұстап отырды.

    • Дауыс монтажы дұрыс жасалмаған сияқты. Тіртүрлі естіледі.
      Одан да мысалы Сайтан Қыздың айтпақ болғанын айтып отырғанда бетіне бір қарап алып, қызық болар еді:)

  4. Ya kazahstan dengeiine ote jogary kino! Buge shigesine dein oilastyrgan.Aitar oiyn ote korkem jetkize bilgen shygarma dep bagalasa bolady..Birak Tungyshbaidyn tur alpeti jaksy kelgenimen, oinau darejesi ote unamady. Teatrdagy oiynga uksap ketken sekildi… Andreige soz jok! Alde de bir adamdy selt etkizetin satter bolganda durys bolarma edi..Birak syn aita beru onai) Kaitalap korgen sain jana bir oi tuiuge sebepshi kino bolatynyna senimdimin!

  5. тух, Қисық, мына жақта сенен де кейін қалған жандар бар еді.🙂 Көрейінші мына киноны, маған дискісі жалға бер, жездеке!🙂 Жду ответ десең иә🙂

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s