Мен ұсынатын 3 кітап

Әр кітаптың өз тағдыры бар.
Мавр Теренциан

Германия-Қазақстан ойынын көріп, жүйкем жүн болып отыр еді, блогшылар (ілмектерді қараңыз) бір бастама көтеріпті. Алғашқы болып жазба жазу құрметі маған бұйырғасын, ережесін бір жолмен түсіндіре кетейін.

Тақырыпқа қарап, тақырыптың не жайлы тақырып болатынын түсінген шығарсыздар. Менің үш кітап ұсынған постымнан кейін, мен кезек берген блогшы өзінің үш кітабын «рекомендейді». Сосын кезегін келесі адамға бағыттайды. Сөйтіп, осындай аса күрделі және қиын процесс арқылы эстафета жүргізіледі.

Әзірге мен көріп отырған нәтиже мынау:

Бір. Блогшылар жаңа ақпарат алады.
Екі. Кімнің не оқитынын білу арқылы, анау блогшының «анандай» екенін, мына блогшының «мынандай» екенін болжайды, бағамдайды, бал ашады. Яғни болашақ оффлайн кездесуде бетпе-беп тұрған блогкердің бас шұлғыр бағытын білетін болады, бұл екінші пункттың тек бір артықшылығы.
Үш. Не оқимын деп кейде өзім ұлып кетемін. Сондайда таптырмас мәлімет, айықтырар ақпарат осы болмақ.
Төрт. Блогшылардың өз ара достығын нығайтады. Мұндай ортақ «жоба» біздің онсыз да жұдырықтай түйілген бірлігімізге оң әсерін тигізеді.

Қазірге осы. Алып-қосарларыңыз болса айтарсыздар.

Сонымен, мен ұсынған үш кітап.

1. Кітап атауы: «Арпалыс». (Орысша «Волоколамское шоссе»).
Авторы: Александр Бек.
Неге «Арпалыс»?
Соғыс деген не? Соғыс кезінде не болады өзі? Окоптан атып шығып, «уралап» жау шебіне қырғидай тию қаншалықты оңай? Кез-келген адам батыр бола ала ма?
Бауыржан Момышұлының мінезі сәтті шыққан туынды осы «Арпалыс». Кітап батырдың жазушыға айтқан әңгімелері түрінде жазылған. Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызы» да теңдессіз дүние, әрине, бірақ, менің ойымша, Бектің кітабы нағыз соғыстың ұңғыл-шұңғылын барынша ашып көрсете білген. Ол жерде бәрі бар: қорқақтық та, достық та, зұлымдық та, ерлік те, шарасыздық та, үміт те, күдік те, қысқасы қиын жағдайға душар болған адамзаттың бойында қандай қасиеттер оянады, экрандағы емес, шынайы өмірдегі соғыс қандай болады — осының бәрі шебер жазылған. Бауыржанның Бекке әңгіме айтып отырып, өз-өзіне сынмен қарауы, әлгі табиғи шынайылықты аша түседі.
Қысқасы, екінші дүниежүзілік соғыс жайлы классика оқимын десеңіз «Арпалысты» ұсынамын.

2. Кітап атауы: «Атылған қыз туралы аңыз».
Авторы: Садықбек Адамбеков.
Неге «Атылған қыз туралы аңыз»?
Сатыбалды Багратионұлының хард-әдебиетін алғаш оқып отырып, “Қайдан көрдім осыны?” деген белгісіз бір сезім шым-шымдап шыққан болатын. Есіме енді түсіп отыр, Сатыбалды мен Садықбектің стилдері аздап ұқсайды екен, ИМХО. Әрине, Кербабаевтың керім әңгімелерінен кейін Адамбековтың «Атылған қызы» аздап алаңғасарлау болып көрінуі мүмкін, бірақ, мен Сіздерге осы кітапты рекомендеймін. Жанры «сатиралық» деген сыпатқа ие бұл шығарманы оқып отырып, тек күліп қана қоймайсыз, аса қиын шешу жолы бар математикалық теңдеудің түбіне жеткендей діңкелейсіз, себебі алақандай ауыл адамдарының бір-біріне деген қарым-қатынасын түсіну миыңызға әжептеуір салмақ (ОЗУ-ыңызға байланысты салмақ деңгейі). Экшн, триллер элементтері де кездеседі. Өте қызықты кітап. Ұсынамын.

3. Кітап атауы: «Зират әңгімелері». (Орысша «Кладбищенские истории»)
Авторы: Борис Акунин, Григорий Чхартишвили.
Неге «Зират әңгімелері»?
Акунинның менің сүйікті жазушыма айналғанына біраз болды. Эраст Петрович Фандоринның басынан кешкендері туралы серия қатты ұнаған-ды. Содан дедектеп отырып барлық шығармаларын оқып шықтым. Жалпы детективке, қала берді мистикаға қызығатындарға Акунинды ұсынамын.
Ал «Зират әңгімелері» — маған ең қатты әсер кітаптарының бірі. Біртүрлі… қорқынышты. Біртүрлі… қызық. Бірнеше әңгімеден тұратын кітапта тарихи фактілер де, детективтік оқиға желісі де, аздап романтика да (білмеймін, мен көрдім әйтеуір :)) бар. Ұсынамын. Айтпақшы, Г. Чхартишвили мен Б. Акунин екеуі бір адам. Акунин тегі грузин жазушының псевдонимі. Акунин жапон тілінен аударғанда “қатігез, жаман адам” дегенді білдіреді, ұмытпасам. Өз философиясы бар оның да.

Мен кеңес берген үш кітап осы. Кезекті админ ағай — Аршатқа бердім.

P.S. Құттықтаңдар мені, бұл 100-ші жазбам екен))))

25 thoughts on “Мен ұсынатын 3 кітап

  1. Тамаша екен!!! Маған кезек келгенше күтіп отырмын, Акунинді коммерцялық жазушы деген соң онша ұнатпаушы едім, жалпы қалай кітаптары былай?

    • Рас, Акунин коммерциялық жазушы, бұл пікірмен келісемін. Бірақ, шығармалары өзіме аса ұнаған жазушы. Өзің оқып көрші “Эраст Петрович Фандорин” сериясын немесе “Пелагия” үш томдығын. Фантазиясы бай, тілі өте тартымды, көркем, әрі жеңіл. Менің кітап сөремде қазір Акунинның 24 кітабы тұр🙂
      Біреусін алып оқып көр. Классикалық түрде, “Азазельден” баста.

  2. Фандориннің Жапониядағы елшілік қызмет атқарғандағы ниндзя тегінен шыққан қызға ғашық болуы туралы жазылатын “Алмазная колесница” бір төбе. Ең тартымды болып көрінеді.

    • Маған “Алмазная колесницаның” романтикасы ұнайды. Шатырды кетіреді. Көп кітаптың махаббатына скептицизммен қараушы едім, осы кітап көңілімнен шықты.
      Рахмет пікіріңе, Мейіржан.

      • Әттең сол кезде қыздың әкесі Эраст Петровичті қатырып кетті ғой, қыз өліп қалды деп алдап. Кәдімгідей аянышты боп кетеді Фандорин.

      • Жап-жас кезі ғой. “Азазельдегі” келіншегінен айрылып есін енді жиып келе жатқан…

    • Рахмет!!!
      Бұл эстафета түрінде болып жатыр, сондықтан ойыңызды жинақтап, алды-артын қайыра отырыңыз, Сізге кезек келгенде шығара қоясыз.

  3. Оқыған кітаптарымның ішінен Әз ағаңның “Ақиқат пен аңызын” ерекше атағым келеді. Шын мәнінде де таңдаулы кітаптардың бірі. Өте әсерлі және қызық, ішек сілем қатып күлген кездерім де болды.
    Ал “алмазная колесница” және сіз ұсынған қалған екі кітапты оқып көру керек екен.

  4. Волоколам шоссесі орысша оригинал нұсқасын оқыған дұрыс, аудармаға көңілім тоймайды..Жалпы Қазақстанда өткен жылы ең көп оқылған Бауыржан атамыздың жазған кітаптары және ол туралы жазылған кітаптар десем қателеспейтін шығармын…

    • Кеңестік бір аударма бар жақсы аударылған. Аудармашының аты-жөнін бр жазып қоярмын, сол нұсқасын оқып шығыңыздар мүмкін болса. Маған ұнаған-ды.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s