28 түн ұйықтамасаңыз не болады?

Не залеживайся, если не можешь делать деньги в постели. Джордж Бернс

Алғысөз. Тәулігіне үш-төрт сағаттан ұйықтап жүргеніме бейсенбіде бір апта болады. «Қара қазан, сары баланың» қамы үшін ғой баяғы. Кеңседе қонай-түней, жыбыр-жыбыр бітпейтін тірлік жасап жатырмыз. Ұйқы қанбаған деген жаман нәрсе екен.

Ара-арасында  анау-мынау жаңалықтарды қарап отырып, ұйқы, нақтырақ айтсақ, ұйқының жоқтығы жайлы қызық жазбалар көрдім. Солардың басын қосып, Сіздерге бір пост жазып отырмын. Терілмей қалған, түсіп қалған әріптер болса, пардон, ұйқым кеп отыр…

Негізгі мәтін. 1965 жылы Рэнди Гарднер есімді мектеп оқушысы ұйықтамай қанша уақыт жүре алатындығын тексермек болып, эксперимент жасайды. Нәтижесінде ол 11 күнді көз ілмей өткізеді (бұл үшін Рэндидің көрсеткіші Гиннестің рекордтар кітабына енген). Жақында бұл рекорд жаңартылды деген мәлімет жарық көрген болатын, алайда денсаулыққа зиян келтіреді деген себеппен аталған категорияның (ұйықтамай жүру рекорды) алынып тасталуына байланысты, бұл көрсеткіш тіркелмепті. Қаңқу сөзге сенсек, ұйқысыз өткен ең ұзақ мерзім – 28 күн.

Ұйқысыз өткен күндері Рэнди қандай күйде болды? Ол алғашында өте қатты шаршаған сезімде болған, жүйкесі жұқарып, сіркесі су көтермей қалған. Бесінші күні Альцгеймер ауруына тән симптомдар байқала бастаған. Бұдан кейін оның көзіне түрлі нәрселер елестеп (галлюцинациялар), паранойя тіркелген. Ол жол белгісі бағанын адам деп санап, радиостансаның жүргізушісі өзін өлтірмекші болып жатыр деп қорыққан.

Бұдан соң, Рэндидің қозғаушы қызметтері (моторные функции) сыр беріп, саусақтары селкілдеп, тілі күрмелген, оқушы қарапайым арифметикалық есептеулерді шығара алмай, есептің мақсатын ұмытып қала берген.

Эксперимент соңында Рэнди 14 сағат ұйықтап, тағы бір тәулік ояу жүріп, тағы 8 сағатқа Морфейдің құшағына кеткен. Осыдан соң барып оның ұйқы тәртібі ретке келіпті.

Бұл жасөсіпірімді мұндай қадамға өз еркімен барды десек, кейбіреулер шын мәнінде ұйқысыздық салдарынан азап көріп жатады. Fatal Familial Insomnia деп аталатын, сирек кездесетін генетикалық ауру ақыры өлімге алып келеді. Ол, әдетте, адамның есею кезеңінде бас көтеріп, қарапайым ұйқысыздықтан бұлшық еттерінің құрысуына, психозға ұласады, аурудың соңғы мерзімінде адам комаға түседі де о дүниелік болады. Тұқым қуалайтын бұл ауру кесел болып жабысқан жанға сұмдық азап әкеледі дейді.

Ғалымдар ұйқының аз да болса қанбауы адамның ділдік, ми қызметтеріне де айтарлықтай жағымсыз ықпал етеді деген тұжырымға келіп отыр. Мәселен, ұйқының қанбауы қалыпты болып саналатын және миға күш түсетін жұмыстар атқарылатын (сапта жүру немесе автомат тазалау емес, ракета-космостық бөлімдерде немесе  ӘҚҚ (ПВО) нысандарында жасалатын жұмыс) әскерде аталған проблема бар және медицина мамандарының бас ауруына айналғанға ұқсайды.

Ұйқысыз өткен бір түн ақпаратты өңдеу қызметін 30 пайызға әлсіретеді. Ал екі түн қатарынан ұйықтамаған адамның ақпарат қабылдау қабілеті 60 пайызға әлсірейді. Бес күн бойы тәулігіне алты сағаттан кем ұйықтаған жан екі күн бойы ұйықтамаған адамның жағдайына түседі. Осының кесірінен, түрлі салада қып-қызыл ақшаға келген, удай қымбат құрылғылар бұзылып жатады дейді білетіндер.

Жұмыстан мұрныңызға су кетіп, дәретханаға баратын уақыт таппай жүрсеңіз, нәтижесінде компьютердің алдында ұйқы қысып бара жатса, дүние өртеніп кетсе де, жұдырығыңызды жастанып 15 минутқа мызғып алсаңыз, әжептеуір күш жинап қаласыз. «Штирлиц әдісі» деп аталытынын осының бір жерден оқып едім.

Ұйқыларыңыз тыныш болсын…Шымылдық.

17 thoughts on “28 түн ұйықтамасаңыз не болады?

  1. [Ұйқысыз өткен бір түн ақпаратты өңдеу қызметін 30 пайызға әлсіретеді. Ал екі түн қатарынан ұйықтамаған адамның ақпарат қабылдау қабілеті 60 пайызға әлсірейді.]

    Бұдан үш түн ұйықтамаған адам – 90, ал төрт күн ұйықтамаған адам сәйкесінше – 120 пайызға әлсірейді деген қорытынды шығарсам, осынау ілімге тым қарапайым y=x*30 формуласын пайдаланғаным үшін Аид амиго ақирет күні артыма қызған темір тықпас па екен?

    • Уа, құрметті де қадірлі Сатыбалды мырза!

      Сіздің дарыныңыз бен талантыңызға бас ие отырып, осынау менің блогыма жазған Алғашқы пікіріңізге үлкен алғыс айтамын!

  2. Мен де Айкон сияқтымын.

    Кемі 8 сағат ұйықтау керек. Әйтпесе, не айтып, не сөйлегенімді білмей қаламын.

    Бір қызығы, уақытында көз ілмеймін. Уақытты ауыстырып алғанмын. Таң ата жатам да, түсте әрең оянамын.

  3. Суретші Леонардо Да Винчи әр төрт сағат сайын 15 минуттан ұйықтап отырған екен. Сонда ол тәулігіне бір сағат ұйықтаған екен. Да Винчиге қарап ақпаратты өңдеу қызметін жоғалтты деп айту қиын.

  4. Ееее, талай ұйқысыз түндер өтті ғо, асобенны студент кезде түнімен курсовой проект сызып, ертесіне соны қорғауға барғанда бір қалғып, бір мүлгіп отыратынбыз :)))
    Екі -үш күн 2 немесе 3 сағаттан ұйықтап жеңіл душ алып сергіп алып ғана жүрген кездер де болған. Одан «левак жұмыс» тауып алып, оны да заказчикпен келісілген күнге бір күн қалғанда 1 түнде сызып тастайтын кездер де болған. Зато ертесіне жұмыста зомби боп жүресің :)))

  5. Қызық екен. Бірақ, өз басым бұнымен онша келісе қоймаймын. Мысалы мен тәулігіне 4 сағат, ары кетсе 5 сағат қана ұйықтаймын. Және дәл осылай ұйықтап жүргеніме 6 жылдың көлемі болды. Сабақ, жұмыс деп жүріп ұйқыға бөлетін уақытым осы ғана. Осыдан дәл екі жыл бұрын Кореяға алғаш келген кезімде жатақханада бір қытай баламен тұрдым. Аз ұйықтап, көп уақытымды сабаққа бөлетінімді көріп таңқалды. Және менімен бірге отырып ол да сабақ оқып, аз ұйықтауға тырысып бақты. Бірақ, ол ұйқыға шыдай алмады. Сөйтіп ол да Қисық ұқсап ғаламтордан ұйқы жайында ақпар іздеп жүрген. Бір күні ол бір қытай дәрігерінің ұйқы жайында жазған еңбегін оқыпты. Ол дәрігер: «Адам баласы түнгі сағат 10-нан бастап түнгі сағат 2-ге дейін, яғни төрт сағат бойы міндетті түрде ұйықтауы керек. Сол уақытта(түнгі он мен екінің арасы) адамның барлық дене мүшесі демалады. Осы төрт сағатта ұйықтаған адам ертесінде сергек жүреді, шаршамайды, мидың, көздің жұмыс істеу қабілеті жоғары болады» деген екен. Ол қытай досым осыны айтып қытай дәрігерінің ашқан жаңалығы дегендей болды. Сонда мен: «Әй, досым, қытайлар бұны енді ғана біліп жүр ме? Біздің мұсылмандар бұны он бес ғасырға жуық уақыт бұрын білген» дедім. Сонда ол таңқалып «қалайша?» деп сұрады. Сонда мен пайғамбарымыздан(с.ә.у.) жеткен хадисті дәлел еттім. Ол хадисте(кімнің риуаят еткені қазір есіме түспей отыр): «Пайғамбарымыз(с.ә.у.) құптан намазын оқыған соң, ешкіммен сөйлеспей, ештеңе істеместен бірден ұйқыға жататын да тәхәжүт намазына күш жинап тұратын. Сосын тәхәжүт намазын оқып, таң намазына дейін түні бойы құлшылыұ ететін» (хадис сөзбе-сөз есімде жоқ, дегенмен мағынасы осылай)делінген. Яғни, құптан намазы шамамен түнгі сағат он, ал, тәхәжүт намазы шамамен түнгі сағат екі. Сондықтан осы аралықтағы төрт сағат ұйқыны әдетке айналдыруымыз керек. Бұл менің тәжірибемнен өтті. Жаман емес. Күндіз шаршау, қалғу деген мүлде жоқ. Кеісінше әлдеқайда сергекпін:)))

    • Ооо, күшті:) Маладессіз ғой, Даке:)
      Мен мына заңдылықты білмесем бе жұмыс бар кезде өстіп жүрдім. Жұмыстан еле сала кешке сағат ондарда жата қалып, түнгі екіде тұрып жұмы істейтінмін. Қызық, ә!
      Құнды мәліметіңізбен бөліскеніңізге рахмет, Даке:)

Пікір қалдыру